Талдықорғанда мектеп оқушыларына есірткіге қарсы дәріс өткізілді
Талдықорғанда мектеп оқушыларына есірткіге қарсы дәріс өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа оқу жылында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып, Талдықорған қаласындағы №15 мектепте профилактикалық сабақ өткізді.
Іс-шара барысында құқық қорғаушылар оқушыларға есірткі заттарының адам өміріне тигізетін қауіпті әсерін түсіндірді. Балаларға арнайы бейнероликтер көрсетіліп, онда есірткіні тұтынудың салдары мен тәуелділікке әкелетін зиянды әдеттердің зардаптары жан-жақты баяндалды.
Полиция қызметкерлері әсіресе интернет кеңістігіне назар аударды. Олар желіде есірткілердің жасырын жарнамасы жиі кездесетінін айтып, оқушыларды сақ болуға, күмәнді ұсыныстарға алданбауға және қауіптілікті әрдайым есте ұстауға шақырды.
Осындай профилактикалық кездесулер жасөспірімдерге зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстап, саналы таңдау жасауға, сондай-ақ өз болашағына жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді.