Талдықорғанда өгей қызын зорлаған әке 20 жылға сотталды
Талдықорғанда өгей қызын зорлаған әке 20 жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Талдықорған қаласында тергеу аяқталды. Өзінің 13 жастағы өгей қызын қорлады деп айыпталған 49 жастағы ер адамға үкім шығарылды. Баланың өгей әкесі тарапынан бірнеше рет жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны анықталды. Бұл қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді және сот үкімін шығару кезінде ескерілді.
Деректі өткен жылдың қараша айында жәбірленуші қыздың мектеп мұғалімдері анықтаған. Әлеуметтік желілердегі парақшасында бала өгей әкесі тарапынан жасалған зорлық-зомбылық әрекеттерге байланысты суицид жасағысы келетіні туралы ақпарат жариялады. Одан кейін мектепке шақырылған қыздың анасы мұғалімдермен сөйлесіп, полицияға ресми арызбен жүгінді.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 121-бабы 4-тармағы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Күдікті ұсталып, қамаққа алынды.
– 49 жастағы ер адамның 2002 жылы Атырау облысында осындай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын түзеу мекемесінде өтегені анықталды. Күдіктінің аталған бап бойынша соттылығы туралы жұбайы білмеген. Тергеу барысында күдіктінің қызды бірнеше рет қорлағаны дәлелденді. Жыныстық зорлық-зомбылық баланың 8-9 жасынан басталғаны анықталды. Ер адам қылмыс жасағанын мойындады. Тергеу аяқталғаннан кейін іс материалдары айыптау қорытындысымен сотқа жіберілді, – деп хабарлады Жетісу облысы ПД Тергеу басқармасының бастығы Руслан Чарапиев.
Педофил бойынша істі Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарады, оның шешімімен айыпталушы 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталған адам жазасын төтенше қауiпсiздiк түзеу мекемесiнде өтейтін болады. Сот үкімі заңды күшіне енді.