Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда полицейлер қыз баланың өмірін сақтап қалды

Талдықорғанда полицейлер қыз баланың өмірін сақтап қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Талдықорғанда патрульдік полиция қызметкерлері мас күйде құрылысы аяқталмаған ғимараттың 7-қабатынан секірмек болған қызды тоқтатып, суицидтің алдын алды.

Талдықорған полициясының «102» арнасына такси жүргізушісінен қоңырау келіп түсті. оның айтуынша, жолаушы оны құрылысы аяқталмаған, қараусыз қалған ғимараттың жанында қалдыруды сұраған. Қыздың ішімдік ішіп, күйзеліске ұшырағанын көріп, оның өмірі үшін уайымдап, ер адам полицейлерден көмек сұраған.

– Оқиға орнына «Бүркіт-162» патрульдік полициясының жасағы – Бауыржан Жумасилов пен Ернат Есімов шықты. Айтылған мекенжайға барған полиция қызметкерлері ғимараттың шатырының шетінде отырған қызды көрген. Айта кететін жайт, қыз ішімдік ішіп алып, өзін агрессивті ұстаған және полицейлердің оған жақындағанын қаламаған. Алайда тәртіп сақшылары оны тыныштандырып, қайғылы жағдайдың алдын алды, – деп атап өтті Талдықорған ҚПБ бастығы Ернар Ширбаев.

Қайғылы жағдайдың алдын алған патрульдік полиция қызметкерлерінің құқық қорғау органдарында қызмет етіп келе жатқанына біраз жыл болған.

– Ешкімге құпия емес, қызмет атқару кезінде әртүрлі мінезді адамдармен байланыс орнатуға тура келеді. Сондықтан әрбір полицей, ең алдымен адаммен дұрыс тіл табыса алатын психолог болуы керек. Біздің қызметкерлер кез келген жағдайда қалай дұрыс әрекет жасау керек екенін көрсетті, – дейді Ширбаев.

Оқиғадан кейін қызды облыстық психикалық денсаулық орталығына жеткізіп, ол жерде оған тиісті медициналық көмек көрсетіліп, профилактикалық әңгімелесу жүргізілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру