Талдықорғанда қызметте ерекше көзге түскен погон таққан арулар марапатталды
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Талдықорған қаласының Мәдениет сарайында Жетісу облысы полициясы нәзік жанды әріптестерін салтанатты түрде құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Айтулы мерекеде құрметті қонақ ретінде облыстық департаменттің барлық қызметтері мен бөлімшелерінің, сондай-ақ ардагерлер кеңесінің де әйелдері шақырылды. Салтанатты іс-шара департамент бастығы Сарқытбай Құсаинов пен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Саржан Ержұмановтың құттықтау сөзінен басталды. Олар өз сөзінде погон таққан әйелдердің төзімділігі мен мықтылығын, олар ерлермен тең дәрежеде полиция қызметінің ауыртпалығы мен қиындықтарына төтеп беретінін атап өтті.
– Өз атымнан және бүкіл облыс полицейлерінің атынан әйелдерімізге зор денсаулық, сарқылмас жігер және кәсіби қызметте сәттілік тілеймін, – деді С. Құсаинов.
Жетісу полициясының басшысы бірқатар әйел қызметкерді қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып жүргені үшін, кәсіпқойлығы мен шеберлігін көрсеткені үшін марапаттауы туралы ҚР ішкі істер министрінің бұйрығынан үзіндісін оқыды. Ішкі істер министрінің Құрмет грамотасына облыстық тәрбие және кадр жұмысы басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әсем Мұхамадиева, ішкі істер министрінің грамотасына есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Меруерт Ысқақова ие болды.
«Ішкі істер органдарының үздігі» төс белгісімен ПД штабының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Жанар Рахматулина және Көксу ауданы ПБ ювеналды полициясының аға инспекторы Әсем Асильбекова, ал «Қазақстан полициясына 30 жыл» мерейтойлық медалімен ақпараттандыру және байланыс басқармасының инспекторы Закия Рахметова марапатталды. Ішкі істер министрінің алғыс хатымен облыстық анықтау басқармасының аға анықтаушысы Айгүл Жандаулетова және Алакөл АПБ көші-қон қызметінің аға инспекторы Ақбота Аманова марапатталды. Сонымен қатар департамент бастығының құқығымен 60 әйел қызметкер марапатталды.
Мерекеге шақырылған ардагер әйелдерге, өңірдің құқық қорғау органдарына ұзақ жылдар қызмет еткен және зейнеткерлік демалысқа шыққан әйелдерге, қызметкерлердің аналарына, сондай-ақ қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлердің әйелдері мен аналарына ерекше назар аударылды. Погон таққан әйелдерді құттықтау облыстық филармония әртістері мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен ұйымдастырылған үлкен музыкалық концертпен жалғасты.