Талғар ауданында бөтен үйден ұрлық жасаған әйелдің әрекеті әшкере болды
Талғар ауданында бөтен үйден ұрлық жасаған әйелдің әрекеті әшкере болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаңтар айының басында Талғар ауданының полициясына 50 жастағы әйел хабарласып, белгісіз біреудің үйіне ұрлыққа түскенін айтқан. Түнгі мезгілде қонақтан келген әйел үйінің астан-кестеңі шыққанын көрген. Күдікті зардап шегушінің қол сөмкесін, әмиянын және алтын сырғасын және ер адамның қымбат иіссуын қолды қылған.
– Қылмысты ашуға бағытталған шаралар барысында қылмысқа қатысы бар күдікті ретінде 40 жастағы әйел ұсталды. Бұлтартпас айғақтардан кейін ол қылмысын мойындады. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жарияланбайды, – деді Талғар АПБ бастығының міндетін атқарушы Нұржан Күнтүнов.
Тергеу барысында ұсталған әйел ұрлаған заттарының ішіндегі құнды дүниелер мен ақшаны алып, қол сөмке мен құжаттарды қала сыртындағы өзен бойына лақтырып жібергені белгілі болды. Сотқа дейінгі тергеу аяқталғанша күдікті мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.