Талғар ауданының полицейлері сұңқар тектес жыртқыш құсты заңсыз алып жүрген алматылық жүргізушіні ұстады
Талғар ауданының полицейлері сұңқар тектес жыртқыш құсты заңсыз алып жүрген алматылық жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Табылған құс тәркіленіп, Алматы қаласының хайуанаттар бағына табысталды.
Алматы облысы аумағында жүргізілген «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Талғар ауданының тәртіп сақшылары арнайы рейд жүргізіп, Алматы қаласының 23 жастағы тұрғыны көлігінде өте сирек кездесетін жыртқыш құсты ешқандай рұқсатсыз әкеле жатқанын анықтаған.
– Тұқымы жоғалу қаупі төнген құстың сұңқар екені дәлелденіп, ол бірден хайуанаттар бағындағы тиісті мамандардың қолына тапсырылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде күдіктінің айтқан дәйектері тексерілетін болады. Күдікті мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды, – деп атап өтті Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Ерлан Қожақов.
Тергеу барысында күдікті айтқан дәйектер бойынша ол Алматы маңындағы туыстарының үйіне қонаққа барған. Сол кезде аула маңынан ұша алмайтын құсты көріп, жыртқыш екенін түсінген. Жаралы құсты сол үйдің қорасына қамап, ғаламтордан қарап, емдеуге тырысқан. Келесі күні қайта оралып, елдімекеннен аулаққа апарып, ұшырып жібергісі келгенде тәртіп сақшылары ұстап алған.
Қазір тергеу жалғасуда. Тәртіп сақшылары күдіктінің құсты қайдан алғанын және оны қайда апара жатқанын анықтайтын болады.