Талғарда жүргізуші куәлігінен айырылған ер адам мас күйде көлік ұрлап кетті
Талғарда жүргізуші куәлігінен айырылған ер адам мас күйде көлік ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
28 қарашада сағат 22.30 шамасында көшелерді «Бүркіт 230» экипажының құрамында патрульдеп жүрген Талғар АПБ патрульдік полиция ротасының инспекторлары Серік Әукенов пен Мақсат Зейналдың назары күдікті Toyota Camry автокөлігіне түскен.
Оны тоқтатқан тәртіп сақшылары 27 жастағы алматылықтан спирттік ішімдіктің иісін сезген. Медициналық куәландыру «орташа дәрежедегі» алкогольдік масаңдықты көрсетті. Сол себепті жүргізуші айықтырғышқа, ал автокөлік айып тұрағына жіберілді.
– Есепке алу бойынша тексеру кезінде ұсталған адамның масаң күйде көлік тізгіндегені үшін 2021 жылдың сәуір айында сотпен 15 тәулікке қамауға алынғаны және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылғандығы анықталды. Аталған дерек ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі бойынша СДТБТ-де тіркелді. Сонымен қатар, таңертең кезекші бөлімге автокөліктің иесі болып табылатын Қарасу кентінің 26 жастағы тұрғыны автокөлігінің ұрланғаны жайында арызданды.Аталған дерек ҚР ҚК-нің 200-бабы 1-бөлігі бойынша жеке өндіріске тіркелді, – деп хабарлады Талғар аудандық ПБ бастығы Джанболат Зиадин.
Енді масаң күйдегі жүргізуші қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша жауапқа тартылатын болады. Осыған байланысты айыққаннан кейін ұсталған азамат ҚР ҚІЖК-нің 128-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу кезеңінде бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілгенге дейін УҰО-ға қамауға алынады.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жария етілмейді.