Тәлімгерлер кеңесінің ардагерлері көлік полициясының жас қызметкерлерімен кездесті
Көліктегі полиция департаментінде Тәлімгерлер кеңесінің бірінші отырысы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиында ардагерлер ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының 8 түлегімен кездесті. Іс-шараға департамент басшылығы мен Тәлімгерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
Бұл кездесудің басты мақсаты – жас қызметкерлердің кәсіби қалыптасуына көмек көрсету, патриотизмге тәрбиелеу, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасының халқына жанқиярлықпен қызмет етуге ынталандыру.
Іс-шараны ашқан департамент бастығы Бақытжан Малыбаев жастардың мамандыққа қалыптасуының бастапқы кезеңінде жаңа лауазымдық міндеттерді үйреніп, жаңа қызметке бейімделуге көмектесетін тәжірибелі тәлімгерлердің қолдауы айырықша қажет екендігін айтты.
– Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, құрметті ардагерлер, сіздерге азаматтардың құқықтық білімдерін жетілдіру, ішкі істер органдарының жас қызметкерлерінің кәсіби деңгейі мен адамгершілік қасиеттерін арттыру ісіне белсенді атсалысып жүргендеріңіз үшін алғыс айтамын, – деді ведомство басшысы.
Кездесу барысында тәлімгерлер мен ардагерлер жиналғандарға өздерінің еңбек жолдары, қызметтің ерекшеліктері мен қыр-сыры туралы кеңінен әңгімелеп берді. Департаменттің Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Ғайдар Жағыпаров қызметтік тәртіп пен заңдылықты қатаң сақтау қажеттігін атап өтіп, кәсіби борышты адал атқару, ар-намысты биік қою – тәртіп сақшысының қызметтік жолындағы басты моральдық бағдары екендігін айтты.
Өз кезегінде сөз алған Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есболат Шаймерденов қай уақытта болсын антқа адалдық, мамандықты жан-тәнімен сүю, еңбекқорлық сынды өзгермейтін кәсіби және адами қасиеттер әр полицейдің бойынан табылу керектігін жеткізді. Сондай-ақ жас тәлімгерлерді аға буын әріптестері салған сара жолдың лайықты ізбасарлары болуға шақырып, алда атқаратын қиын да жауапты қызметтеріне сәттілік тіледі.
Кездесу аясында академия түлектері мұражайға экскурсия жасап, департаменттің бай тарихымен танысты. Іс-шарадан соң жас мамандар криминалистика, тергеу және анықтау бөліністеріндегі өз қызметтеріне кірісті.
Естеріңізге сала кетейік, ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің тапсырмасымен көліктегі полиция департаментінде тәлімгерлік институты жандандырылды. Тәлімгерлер кеңесінің құрамына көп жылдар бойы көлік полициясында еңбек еткен және тәрбие ісінде мол тәжірибе жинақтаған ардагерлер кірді.