Танысының үйінен телефон ұрлап кеткен төлебилік азамат табылды
Түркістан облысының полицейлері ұялы телефон ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Ер адамның айтуынша, оның үйіне келген танысы кіре беріс бөлмеде тұрған інісінің ұялы телефонын жымқырып кеткен. Содан жәбірленуші күдікке ілінген ер адамнан қайтаруын сұрайды. Алайда ол өз кінәсін мойындамайды. Нәтиже шықпағаннан кейін арызданушы полицейлерге хабарлайды.
Келтірілген шығын көлемі 300 мың теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді.
Полицейлер ақпарат алысымен күдіктінің жеке басын анықтап, оны тұрғылықты мекенжайынан ұстап, АПБ-не жеткізеді. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Тергеу барысында күдікті өзінің кінәсін толық мойындайды. Анықталғандай, ол телефонды өзі қолданып жүрген. Тәртіп сақшылары күдіктіден ұялы телефонды тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды. Бас шарасы қолхатта. Тұрғындарға ескерту ретінде айтып өтсек, қазіргі уақытта ұялы телефон қылмыскердің көздеген өте оңай олжасы болып тұр. Ұялы телефонның ұрлануы көп жағдайда телефон иесінің ұқыпсыздығы салдарынан болып жатады. Өкінішке орай, ұялы телефон ұрланса, оны кері қайтарып алу да оңай шаруа емес. Сол үшін телефонды ұрлатпаудың қарапайым ережелерін еске сақтаған жөн. Мәселен, телефонды мүлдем танымайтын және дұрыс танымайтын адамдарға беруге болмайды, қоғамдық көліктерде және басқа да адамдар көп шоғырланатын жерлерде ұялы телефонды қолыңызға ұстап немесе киіміңіздің, сөмкеңіздің ішкі қалтасына салыңыз. Кафе-барларда, ойын-сауық орындарында жүргенде телефоныңызды үстелдің үстіне қоя салмаңыз. Ал, егер телефоныңыз ұрланғанын білген сәтте, тез арада полицияға хабарласыңыз. Бұл қылмыстың «ізін суытпай» ашуға ықпал етеді.