Тараз тұрғындары полицейлерге бағдаршам орнатқаны үшін алғыс білдірді
Тараз тұрғындары полицейлерге бағдаршам орнатқаны үшін алғыс білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысының Полиция департаментіне ПД бастығы Арманбек Баймурзиннің атына алғыс хат келіп түсті.
Балалары Оқушылар сарайындағы үйірмелер мен секцияларға баратын облыс орталығының тұрғындары Полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзинге, ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жайдарбек Құттыбаевқа және әкімшілік полиция қызметкерлеріне Төле би даңғылы бойындағы 87 үйдің жанында бағдаршам орнатқаны үшін өз алғыстарын білдірген.
– Бұрын ата-аналар мен балалар жолды кесіп өту үшін ең жақын маңдағы жол қиылысына баруға мәжбүр болатын, ал кейбіреулері орталық мешіттің жанындағы қауіпті жерден жолды кесіп өтетін. Сіздер біздің балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қаламыздың көлік жолдарында үлкен жұмыс атқардыңыздар. Енді сіздердің көмектеріңіз бен жедел ден қойғандарыңыздың нәтижесінде біздің өзекті болып отырған мәселеміз өз шешімін тапты, – делінген хатта.
Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері мен ата-аналары полицейлерге мықты денсаулық, отбасы игілігін, амандық және жұмыстарына табыс тіледі.