Таразда 39 сотталған азамат аттестат алды
Таразда 39 сотталған азамат аттестат алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Таразда ерекше режимдегі түзеу мекемесіндегі 39 сотталған азамат аттестат алды. Маусым айында еліміздің барлық мектеп бітірушілері мемлекеттік емтихан тапсырып, қолдарына аттестат алады. Мұндай қуанышты күн Тараз қаласындағы ЖД-158/7 мекемесіндегі жазасын өтеушілер арасында да салтанатты жағдайда өтті. Мекеме жанындағы кешкі мектепті тәмамдаған сотталғандарға жалпы орта білім және негізгі орта білім туралы аттестат табыс етілді.
Салтанатты шара барысында кешкі мектептің оқу ісінің меңгерушісі Нұрлан Жамашев орта мектепті бітіріп, аттестат алу – жазасын өтеушілер үшін үлкен өмір мектебінің жауапты кезеңі екенін атап өтті.
Айта кетейік, білім алушылар ауыр қылмыс жасап, темір қоршауда жүргенмен, олардың аттестаттарында бұл туралы ешқандай мәлімет болмайды. Оның үстіне, заңға сәйкес жазасын өтеушілердің орта біліммен қатар, кәсіби білім алуларына да мүмкіндік бар. Жазалы болса да жақсы кәсіп иесі атанғандардың бірі – Болатбек. Ол аталған мекемеде 2018 жылдың сәуір айынан бастап жазасын өтеп жүр. Осы уақыт аралығында кәсіби мектепте оқып, ағаш шебері және темір жонушы мамандығын игеріп алған. Еркіндікте бос жүрмеуі үшін бүгінгі күннің сұранысына ие кәсіптерді игеруге бел буған ол болашақта арманының жүзеге асатынына сенімді.