Таразда бір тәулікте екі тапанша мен 200-ге жуық оқ-дәрі табылды
Таразда бір тәулікте екі тапанша мен 200-ге жуық оқ-дәрі табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қаласы Полиция басқармасының қызметкерлерімен іздеу жұмыстары кезінде темір жол бойында орналасқан дәмхана маңынан қара полиэтилен пакетке оралған “Макаров” маркалы атыс қаруы табылып, тәркіленді.
Сонымен қатар, мөлтек аудандардың бірінде орналасқан көпқабатты үйдің жертөлесінен травматикалық қару, үш бірлік жарық-шулы граната, 31 автоматқа арналған оқ және 41 тапаншаға арналған оқ анықталған.
Одан бөлек, қала аумағынан тыс жерлерде іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында жерге көмілген қорап табылды. Қорап ішінен 120 “Калашников” маркалы автоматына арналған оқтар алынды.
Табылған қару-жарақтар мен оқ-дәрілерге арнайы сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалды.
– Қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың орны туралы хабарлаған немесе оларды полицияға өз еркімен тапсырған адам қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын еске саламыз. Анонимділікке кепілдік беріледі, – деп хабарлады Тараз қалалық Полиция басқармасы бастығы Асылхан Заурбеков.