Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Таразда еліміздің ең үздік инспекторлары марапатталды: республикалық слет қорытындыланды

Тараз қаласында алғаш рет учаскелік инспекторлар мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлардың республикалық слеті өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара Ішкі істер министрі Е. Саденовтің 2025 жыл – ішкі істер органдарында “Профилактика жылы: Полиция – Заң мен Тәртіп күзетінде” жариялауы аясында ұйымдастырылды.

Слетке еліміздің барлық өңірінен 40-тан астам қызметкер қатысты. Пікірталас алаңдарында құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдер қылмысына қарсы күрес және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды.

Іс-шараға ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев, Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев, сондай-ақ жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Қ.Сұлтанбаев мұндай кездесулер полиция қызметкерлерінің кәсіби өсуіне және үздік тәжірибелермен алмасуға ықпал ететінін атап өтті. Өз кезегінде Б.Малыбаев дәл осы учаскелік және ювеналды инспекторлардың қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

Үш күнге созылған байқау барысында заңнаманы білу бойынша тестілеу, атыс және дене даярлығы бойынша жарыстар өткізілді.

Байқау қорытындысы бойынша Жамбыл облысының учаскелік полиция инспекторы Азизжон Пайзиев және Тараз қаласы полиция басқармасының екінші бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы Эльмира Байниязова үздік деп танылды. 

Оларға жаңа қызметтік автокөліктер табысталды.

Екінші орынға Маңғыстау облысы ПД учаскелік инспекторы Бекназар Әлібеков және Қарағанды облысы ПД кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы Қайрат Иманбаев ие болды.

Үшінші орын Павлодар облысы ПД учаскелік инспекторы Қуаныш Жаябаев пен Жетісу облысы ПД кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы Талшын Нұрлабиға бұйырды.

Ішкі істер министрінің бұйрығымен қатысушылар медальдармен, Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.

Іс-шара қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру