Таразда мас күйдегі қызметкерлер көлік жуу орталығынан көлік ұрлаған
Таразда мас күйдегі қызметкерлер көлік жуу орталығынан көлік ұрлаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2022 жылдың 9 ақпанында Тараз қаласы ПБ 1-полиция бөліміне 41 жастағы әйел адам арызданып, көлік жуу орталығына қойған Toyota Camry автокөлігін белгісіз біреулердің заңсыз айдап кеткені туралы шағымданған.
Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде көлікті ұрлап кеткен күдіктілер анықталып, ұсталды. Олар 25 және 31 жастағы көлік жуу орталығының жұмысшылары болып шықты.
Күдіктілер көлікті алкогольді масаң күйде басқаруы салдарынан, рөлге ие бола алмай Жамбыл даңғылы мен Сүлейменов көшелерінің қиылысында орналасқан бетон бағанаға соқтығысқан. Жол-көлік апатынан көлік зақымдалып, жәбірленушіге 10 млн теңге көлемінде шығын келтірілген.
Қазіргі уақытта ұсталған азаматтар түрлі дене жарақаттарымен Тараз қалалық ауруханасына жеткізіліп, қажетті ем-шараларын қабылдап жатыр.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 200-бабы 2-бөлігімен (Автомобильді құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бапқа сәйкес, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бec жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.