Таразда полиция қызметкері балаға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалды
Жамбыл облысы полиция департаментінің электрондық поштасына тараздық тұрғын ұлының өмірін сақтап қалған полиция қызметкеріне алғыс білдірген хат келіп түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әйелдің айтуынша, ол Тәуке хан көшесінің бойында өзінің 11 жастағы ұлымен мектептен үйіне келе жатқан, кенеттен балаға ауа жетпей, тыныс алуы қиындай бастаған. Олар автосалон алдына тоқтаған кезде, бала ес-түссіз болған.
– Менің балама ауа жетпей, дем ала алмай қалды, бүкіл өмірім бірден көз алдыма келді. Менің айқайымды естіген ер адам бірден жүгіріп келіп, жедел жәрдем көлігі келгенге дейін балама алғашқы медициналық көмек көрсетті. Мен оған өте ризамын, ол ұлымның өмірін сақтап қалды. Біршама уақыттан кейін мен оның полиция қызметкері екенін білдім, – дейді анасы.
Бала шұғыл ауруханаға жатқызылды, қазір оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Кейінірек баланың дене қызуының жоғарылауына байланысты тамағы құрғап, тілі тамағына тіреліп, дем ала алмай қалғандығы анықталды.
Баланы құтқарған полиция қызметкері Жамбыл облысы полиция департаменті Штабының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Асхат Қуандықов болып шықты, ол өзінің іс-әрекеті туралы ешкімге айтпаған.
– Асхатқа зор алғысымды білдіргім келеді! Егер ол болмаса, менің ұлым өліп кетуі мүмкін еді. Оған қызметінде сәттілік тілеймін! – деп тараздық тұрғын ағынан жарылды.