Таразда сотталғандарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер өңірлік көрме байқауына қатысты
Таразда сотталғандарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер өңірлік көрме байқауына қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Таразда сотталғандарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер өңірлік көрме байқауына қатысты. Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Қазақстанның үздік тауары-2022» өңірлік көрме байқауының басты мақсаты – кәсібінің нәсібін көріп отырған жас кәсіпкерлерді қолдау әрі үздіктерді анықтау.
«Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің көрме залында өткен шара барысында азық-түлік, химия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласы мен құрылыс индустриясында өзіндік орны бар 82 тауар өндіруші өз экспозицияларын ұсынды. Өңірде сегізінші рет ұйымдастырылған байқауда облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты түзеу мекемелерінде жұмыс орындарын ашып, жазалы жандардың екі қолға бір күрек табуына себепші боп отырған жеке кәсіпкерлер де өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.
– Көрмеге түзеу мекемелерінде өндіріс орындарын ашқан жеке кәсіпкерлердің өнімдері ұсынылды. Бұл өнімдердің барлығы дерлік сотталған азаматтардың өз қолымен жасалған дүниелер. Атап айтқанда, домбыра, астау т.б. Жұртшылық әсіресе, қыз-келіншектердің әшекей бұйымдарын салуға арналған қобдишаларға қызығушылық танытты. Жалпы, жабық мекемелерде жұмыс істейтін кәсіпкерлер бұл шараға қатысуға өңірлік ҚАЖ департаментімен облыстық және қалалық әкімдік сондай-ақ облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арасындағы меморандумға сәйкес мүмкіндік алып отыр. Жазасын өтеушілерді ақылы жұмыспен қамту мәселесі күнтәртібінен түскен емес, – дейді облыстық ҚАЖ департаменті сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы Аймен Тайтелиева.
Айта кетейік, көрмеге тәуелсіз сарапшы-аудиторлар, бизнес-қауымдастық сондай-ақ салалық қоғамдық бірлестік өкілдерінен құралған сараптамалық комиссия төрелік етіп, үш номинация бойынша үздіктерді анықтады.