Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тараздық полицей өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің жолын кесті

Тараздық полицей өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2021 жылдың 7 наурызында «102» қызметіне қала тұрғынынан Королев көшесі бойындағы құрылысы аяқталмаған бес қабатты ғимараттың төбесіне бір жігіттің шығып алғаны және оның өз өмірін қиюға әрекет жасамақ болғаны туралы дабыл хабарламасы келіп түсті.

Көрсетілген мекенжайға кідіртпей жеткен Тараз қаласының Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Данияр Тазабеков бірнеше минут ішінде 5-қабаттың төбесіне көтеріліп, жас жігітпен сөйлесіп, импульсивті әрекеттің себебін анықтауға тырысты. 29 жастағы жігіт өзі жұмыс істеп жатқан кәсіпорын басшысына қатысты шағымданып, жұмыста жарақат алғанын, алайда, оған әлі де ақшалай өтемақы төленбегенін айтқан.

Әңгімені жалғастыра отырып, полиция қызметкері ақырын жақындап келіп, жігіттің қолынан ұстап, шатырдың шетінен сүйреп әкеткен.Оқиға орнына келген дәрігерлер оның медициналық көмекке қаншалықты мұқтаждығын анықтау үшін жігітті ауруханаға жеткізген.

Дәрігерлік тексерістен кейін полиция қызметкері жігітпен жеке профилактикалық әңгіме жүргізіп, қажет болған жағдайда тиісті шағымды қабылдайтынын айтып уаде берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру