Тәртіп сақшылары мұзға тайып жығылған азаматқа көмек көрсетті
Шымкенттік полицейлер мұзда тайып жығылып, қолын жарақаттап алған азаматқа көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері көшеде мұзға құлап, қолын шығарып алған азаматқа көмек көрсетті.
Тәртіп сақшылары өздеріне тиесілі әкімшілік аумаққа рейд жүргізу барысында мұзға тайып жығылған тұрғынды байқаған. Учаскелік полиция инспекторлары Мирағзам Хусанов және Нұржан Омаров сол қолын шығарып алған азаматқа алғашқы медициналық көмек береді.
Абайсызда мұзға тайып жығылған Валерий Жарков бастапқыда орнынан тұра алмаған. Қос полицей 1960 жылы туған азаматтың қолын таңып, жедел жәрдем шақыртқан.
Зейнеткер өзіне көмек көрсетіп, жәрдем берген полицейлерге алғысын айтты.
Айта кететін жайт, көмек көрсеткен полицейдің бірі Нұржан Омаров ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері. Ол 2018 жылы қызмет барысында күдіктіні ұстау кезінде пышақ жарақатын алғанына қарамастан, қашқынды құрықтаған болатын.
Осылайша, батыл құқық қорғаушы екінші рет қоғам қауіпсіздігіне бейжай қарамайтынын көрсетті.