Тәртіп сақшылары сақтық шаралары туралы ескертеді
Түркістан облысының полицейлері қыс мезгіліндегі сақтық шаралары туралы ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қыс мезгілі келісімен жол-көлік оқиғалары көбірек орын алып, автокөлік жүргізушілерінің, жаяу жүргіншілердің жарақат алу қаупі артады. Сондықтан түрлі дене жарақатын алмау үшін жолдарда сақтық шараларын қабылдау маңызды.
Осыған орай Түркістан облысының Полиция департаменті барлық жүргізушілерді қауіпсіздік техникасын сақтап, ауа райы қолайсыз болған кезде барынша мұқият болуға шақырады. Қарапайым қауіпсіздік қағидаттарын білу және оларды сақтау өте маңызды.
Түркістан облысы аумағында түрлі жол апаттарының алдын алу мақсатында жолдардағы қар күреліп, көктайғақтан сақтану үшін тиісті тұз, құм қоспалары себілуде. Бұл жұмысқа арнайы техника да жұмылдырылған.
Жүргізушілер ауа райы қолайсыз болған жағдайда бірінші кезекте жылдамдық режимін және арақашықтықты сақтауы қажет, жарық шамдарын қосып жүруі керек, жүргізушілер әсіресе білім беру мекемелері, қоғамдық көлік аялдамалары, жаяу жүргінші өткелдері жанынан өткен кезде ерекше мұқият болуы тиіс.