Тәртіп сақшылары жалған нөмірмен жүрген павлодарлықты анықтады
Тәртіп сақшылары жалған нөмірмен жүрген павлодарлықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың басынан бастап Павлодар облысында полицейлер жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралын басқарғаны үшін 58 жүргізушіні жауапкершілікке тартты.
– Аталған бұзушылық ҚР ӘҚБтК 590-бабының 4-бөлімінде қарастырылған, бұл 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов.
Мысалы, облыс орталығында сағат 22:00-де Торайғыров көшесін патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін Toyota автокөлігінің жүргізушісін тоқтатқан, ол жүргізуші ҚР ӘҚБтК 595-бабының талаптарын бұзған. Құжаттарын тексеру кезінде жүргізушінің көлігіне жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін орнатқаны анықталды.
Аталған факті бойынша жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлімі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материал шешім қабылдау үшін мамандандырылған әкімшілік сотқа жіберілді. Автокөлік айып тұрағына қамалды.