Тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілерді ережелерді сақтауға шақырады
Қызылорда облысының ПД жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаяу жүргіншінің жол қозғалысының тең құқылы қатысушысы екені баршаға мәлім. Оның да жол қозғалысы ережелерімен бекітілген міндеттері бар. Олар:
– тротуармен немесе жаяу жүргіншілерге арналған жолдармен, ал олар болмаған кезде – жол жиегімен жүруі тиіс;
– көлемі үлкен заттарды көтеріп немесе алып келе жатқан жаяу жүргінші, сондай-ақ қозғалтқышы жоқ мүгедектер арбасымен келе жатқан адамдар, егер олар тротуармен немесе жолды жағалай жүргенде басқа жаяу жүргіншілер үшін кедергі келтіретін болса, жолдың жүру бөлігінің жиегімен жүре алады;
– елді мекендерден тыс жерлерде жолдың жүру бөлігімен жүрген кезде жүргіншілер көлік құралының жүрісіне қарсы жүруі тиіс;
– тротуарлар, жаяу жүргіншілерге арналған жол немесе жолдың жағалауы болмағанда, сондай-ақ олармен жүру мүмкін болмаған жағдайда, жаяу жүргіншілер велосипед жолымен немесе жолдың жүру бөлігінің шетімен бір қатарда жүре алады.
Алайда кейбір жаяу жүргіншілер аталған қағидаларды орындауға асықпайды. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары орын алады.
Күнделікті тәжірибе көрсетіп отырғандай, жолда жаяу жүргіншілер арнайы белгіленген жерлермен жүрмегені былай тұрсын, асықпай, құлаққаппен музыка тыңдап, телефонмен сөйлесіп, басқа да әрекеттермен айналысып, жолды кез келген жерден кесіп өтетін, тіпті жан-жағына қарамастан жүгіріп те өтетін кездер жиі орын алады.
2020 жылдың желтоқсан айында Қызылорда қаласының Назарбаев даңғылы-Абдреев көшелерінің қиылысында жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпекші болған азаматшаны қоғамдық көлік, яғни автобус қағып кетіп, жаяу жүргіншіге қатысты әкімшілік хаттама ресімделген.
Өткен жылы патрульдік полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабымен (Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) 1570 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Айта кету керек, аталған баптың бірінші бөлігінде 2 АЕК (1 АЕК-2917 тг) көлемінде әкімшілік айыппұл көзделген болса, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, жәбiрленушiнiң денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi жоқ зиян келтiруге әкеп соққан не материалдық залал келтiрген әрекет үшін он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сондай-ақ, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған әрекет он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Қызылорда облысының Полиция департаменті жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында үнемі жолдардағы ахуалды зерделеп, атқарушы органдарға тиісті ұсынымдар енгізеді. 2020 жылы қалада 22 жерге жарық диодты жаяу жүргіншілер жолағы орнатылған.