«Тасымалдаушы» ЖПІШ: Шымкентте 13 заң бұзушылық анықталды
Қоғамдық көліктегі оқыс оқиғалар мен құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу мақсатында ІІМ-нің нұсқауымен республика көлемінде «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған шараның бір күнінде шымкенттік полицейлер қоғамдық көлікте заң бұзушылыққа жол берген 13 жайтты анықтады.
Оның ішінде қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік iшкен немесе масаң күйде жүрген 6 тұлға, тыйым салынған орындарда темекі шеккен 6 азамат және қоғамдық орындарда тиіскені үшін бір адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, профилактикалық жұмысқа 600-ден астам тәртіп сақшысы жұмылдырылды. Қоғамдық көлік ішіндегі тәртіп пен заңдылықты сақтау және жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шара 11-15 қаңтар аралығында жалғасады.
Полицейлер автобус ішінде қандай да заң бұзушылықтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, бірден «102» арнасына хабарлауға шақырады.