Тәжікстан мемлекеттік органдарының баспасөз хатшылары ІІМ-де болды
Қазақстан ІІМ-не Тәжікстан мемлекеттік органдарының баспасөз хатшылары келді. Олар полиция ведомствосының баспасөз қызметінің жұмысымен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Қонақтарға ішкі істер органдарын жаңғырту, ведомствоны қағазбастылықтан арылту, полиция жұмысының сервистік моделіне көшу, ведомстволық медиа-ресурстарды дамыту туралы баяндалды. Сонымен қатар министрлік әзірлеп жатқан Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасы таныстырылды.
ҚР ІІМ имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар департаментінің бастығы Альбина Махамбетова тәжік әріптестеріне ведомствоның ашықтыққа, объективтілікке, ақпаратты уақтылы беруге бағытталған ақпараттық саясатын түсіндірді.
– Ведомствоның коммуникациялық стратегиясы халықты және БАҚ-ты жедел ақпараттандыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың құқықтық сауаттылығын жетілдіруге, полиция кәсібінің беделін арттыруға бағытталған, – деді ол.
Бүгінгі таңда полицияның баспасөз қызметі БАҚ-ты өзекті ақпаратпен еш кедергісіз қамтамасыз етіп, журналистердің сауалдарына уақтылы жауап береді. Ол үшін ішкі істер органдарының медиа-орталығының базасында Polisia.kz ақпараттық медиа-порталы және ресми Telegram-арнасы ашылды.
Сондай-ақ қонақтар елордалық полицияның жедел басқару орталығына барып, құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған цифрлық шешімдермен танысты.