Темір тордың ар жағындағы тігіншілер
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің басты міндеттерінің бірі – сотталғандарды жұмыспен қамту. Осы мақсатта Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде жазасын өтеушілердің 100 пайызы жұмыспен қамтылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Олар қаладағы 20-дан астам кәсіпорында жұмыс істейді. Жуырда мекеме әкімшілігі тағы бірнеше сотталған әйелді қала орталығындағы тігін цехына жұмысқа жіберді.
Цехта жұмыс істейтін әйелдердің барлығы тігін ісінен хабардар. Олар негізінен қыз-келіншектердің көйлектерін, формалық киімдер мен жаздық футболкалар тігумен айналысады.
Біз барған кезде тігін цехында жұмыс қайнап жатқан еді. Тігінші Перизаттың айтуынша, қажетті материалдармен цех басшысы қамтамасыз етеді.
— Алдымен киімнің үлгісін жасап, матасын пішеміз. Әрбір көйлектің ерекше әрі сапалы тігілуіне мән береміз. Жалпы, тігін тігуді анамнан үйрендім. Сондықтан тігін машинасымен жұмыс істеу қиынға соққан жоқ. Қазір тапсырыстарды уақытында дайындап, жалақымызды алып отырмыз. Өзіме қажетті заттарды алып, артылғанын отбасымдағы балаларға жіберемін. Бостандықтың қадірін кеш түсіндім. Жазамды өтеп, жақындарыма тезірек оралғым келеді. Көпбалалы анамын, балаларымды сағындым. Жасаған қателігімнен сабақ алдым, – дейді ол.
Айнұр есімді тағы бір сотталған бұл мекемеде 2021 жылдан бері жазасын өтеп келеді. Ол тігін машинасымен жұмыс істеуді осы жерде үйреніпті.
— Әйел адам болған соң, ине мен жіп ұстай білу – бізге тән қасиет. Осы жерде жүріп жақсы тігіншіге айналдым. Қазір жаздық футболкалар тігіп жатырмыз. Тапсырыс бар, күніне шамамен 30-ға жуық киім тігеміз. Жұмыс өзіме ұнайды. Бостандыққа шыққан соң, осы кәсіпті одан әрі дамытқым келеді. Тігін ісі әйел адамды сабырлыққа, үнемшілдікке, төзімділікке үйретеді, – дейді ол.
Мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының аға инспекторы Сая Кенжеғұлованың айтуынша, қылмыс жасаған адамдарды қоғамға бейімдеу және еңбекке баулу – түзеу мекемесінің басты міндеттерінің бірі.
— Қазіргі таңда 20-дан астам кәсіпкерлік нысанмен келісімшарт жасалып, сотталғандар жұмысқа орналастырылды. Олардың айлық табысының 50 пайызы мемлекетке және жеке тұлғаларға келтірілген шығындарды өтеуге бағытталады. Алдағы уақытта жаңа жұмыс орындарын ашып, жазасын өтеушілерді еңбекке тарту жоспарда бар, – дейді ол.
Тігін цехында еңбек етіп жүрген әйелдерге бұл жұмыс – тек күнкөріс көзі ғана емес, сонымен қатар қоғамға қайта бейімделуге мүмкіндік. Олар өз қолдарымен жасаған әр бұйым арқылы өткен қателіктерін түзеуге, жаңа өмірге қадам басуға талпынады.