Теміртауда автобус жүргізушісі өзі жұмыс істейтін мекемеден дизель отынын ұрлаған
Теміртауда автобус жүргізушісі өзі жұмыс істейтін мекемеден дизель отынын ұрлаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Теміртау қалалық полиция басқармасына қарасты Шығыс полиция бөліміне қалааралық тасымалдаумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшылығы хабарласты.
Белгілі болғандай, мекемеге жүргізілген тексеру жұмыстары барысында 2600 литр дизель отынының жетіспеушілігі анықталған. Келтірілген шығын көлемі 767 мың теңгені құраған.
Полиция қызметкерлерімен бұл қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 43 жастағы автобус жүргізушісі анықталып ұсталды. Ол дизель отынын бес ай көлемінде алып жүргенін мойындады. Ұрлықты ешкім байқамай қалады деп ойлаған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.