Теміртауда ер адам көліктен мемлекеттік нөмірлерді ұрлап, олар үшін ақша талап еткен
Теміртауда ер адам көліктен мемлекеттік нөмірлерді ұрлап, кейін олар үшін ақша талап еткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақпан айының басында Қарағанды облысы Теміртау қаласының Ескіқалалық полиция бөліміне белгілі бір қала тұрғыны көліктерден мемлекеттік нөмірлерді ұрлап жүргені туралы ақпарат түскен. Бұл ретте қаскүнем көліктердің алдыңғы әйнегіне жазба қалдырған, содан кейін әлеуметтік желілер арқылы ақша бопсалаған – әр нөмір үшін 5 мың теңге.
10 ақпанда жедел-іздестіру іс-шараларының барысында криминалдық полиция қызметкерлері 32 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. Ұсталған азаматтың осыған ұқсас 20 қылмысқа қатыстылығы анықталды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы (Бопсалау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.