Теміртаулық полицейлер жалған коммуналдық қызметтің қызметкерлерін қолға түсірді
Теміртаулық полицейлер жалған коммуналдық қызметтің қызметкерлерін қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Теміртау қалалық полиция басқармасына қарасты ескіқалалық полиция бөліміне 74 жастағы қала тұрғыны арызданды. Азаматша шағымында өзінің пәтеріне белгісіз ер адам мен әйел адамның өздерін коммуналдық қызмет мамандарымыз деп таныстырып, кіргенін жазып көрсеткен.
Кейін олар зейнеткерге суық судың есеп құрылғысын ауыстыру керектігін, оны ауыстыру үшін суық және ыстық судың берілуін тексеру керектігін айтып, үйде жоғарыда айтылған жұмыстарды жүргізген. Алайда олар кеткеннен кейін жәбірленушінің жинаған 280 мың теңгесі жоғалып кеткен.
Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 28 жастағы азаматпен 27 жастағы әйел адам ұсталды. Олар жасаған қылмыстарын толық мойындады.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.