Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Теміржол маңында мал жаю қағидаларын бұзған тұрғындар жауапқа тартылды

Теміржол маңында мал жайғандары үшін үй жануарларының иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері қараусыз қалған үй жануарларының теміржолдарға шығуын болдырмау мақсатында алдын алу жұмыстарын ұдайы жүргізеді. Соған қарамастан, департаментте әрбір кезекші тәулік ішінде теміржол төсемінде малдың болуына байланысты пойыздардың шұғыл тежелу фактілері тіркеліп жатыр.

Мәселен, күні кеше мұндай факт Павлодар облысының аумағында тіркелді. Бозшакөл – Үленті станцияларының аралығында жүк пойызы бес жылқыны қағып кетті. Салдарынан жануарлардың барлығы өліп, жоспарланбаған пойыз тұрағы 13 минутты құрады. Екібастұз станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында мал иесін анықтады. Ол Павлодар облысының 44 жастағы тұрғыны болып шықты. Аталған азамат теміржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Осыған ұқсас жағдай 13 қаңтарда Атырау облысының Құлсары станциясында да тіркелді. Бұл жолы Волгоград – Ташкент бағытындағы жолаушылар пойызының машинисі теміржолда түйелердің болуына байланысты шұғыл тежеу қолданды. Алайда соғудың алдын алу мүмкін болмай, пойыз бес түйені қағып кетті. Түйелердің иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Шұғыл тежеуді қолдану және жануарларды қағып кету пойыздардың ұзақ уақыт тоқтап қалуына, локомотивтердің зақымдалуына, тіпті, айтарлықтай шығынға әкеп соғады. Осыған сәйкес, көлік полицейлері үй жануарларының иелеріне қауіпсіздік шараларын сақтап, теміржол маңында жануарларды жаю кезінде аса мұқият болуды ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру