Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Теміржолды кесіп өткен 39 мыңнан астам қазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Елімізде жыл басынан бері теміржолды белгіленбеген жерлерден кесіп өткені үшін 39 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өскемен-1 станциясында жүк пойызының машинисі 40 жастағы қала тұрғынын жанай қағып кетті. Ол түрлі жарақаттармен Өскемен қалалық ауруханасына жеткізілді. Бұл туралы көліктегі ПД бастығының міндетін атқарушы Мадияр Айтуғанов хабарлады.

Оның айтуынша, әйел адам теміржолдарды белгіленбеген жерден кесіп өткен. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

М. Айтуғанов жазатайым оқиғалардың теміржол рельстерін жаяу жүргіншілер жолы ретінде пайдаланған кезде жиі болатынын және оған қатаң тыйым салынатындығын айтты. Сондықтан теміржол бойында болған кезде әрбір адам мейілінше қырағылық танытуы керек.

Көліктегі ПД мәліметіне сүйенсек, осы жылдың басынан бері көлік полицейлері «Теміржол – аса қауіпті аймақ!» тақырыбында жолаушылар пойыздарында 3780 кездесу, оқу орындарында 2166 дәріс, сондай-ақ 2389 халықпен кездесу өткізген. Сонымен қатар белгіленбеген жерлерден теміржолдарды кесіп өткен 39051 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

– Полицейлердің ұдайы жүргізетін профилактикалық жұмыстарына қарамастан, азаматтар тарапынан теміржол қозғалысы қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактілері тіркелуде. Өткен кезеңде жылжымалы құрамның астына 79 азамат түскен болса, оның жартысынан көбі өліммен аяқталды, соның ішінде 6 факті бойынша балалар зардап шекті, – деді Айтуғанов.

Полиция қызметкерлері ескертеді:

Теміржолға жақындаған кезде құлаққапты шешулеріңіз қажет, өйткені қатты музыканың кесірінен келе жатқан пойыздың дауысын естімей қалуыңыз мүмкін. Платформаның шетінде тұрмаңыз, сонымен қатар уақытты үнемдеп, жолды қысқартамын деп теміржолды белгіленбеген жерлерден кесіп өтпеңіз, жүріп бара жатқан пойыздың алдынан кесіп өтпеңіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру