Терминалды ұрлаған 2 жігіт ұсталды
Түркістан облысының полицейлері терминалдарды ұрлаған күдіктілерді «ізін суытпай» ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтарал АПБ криминалдық полиция қызметкерлері төлем терминалдарынан ақша ұрлауға қатысы бар екі күдіктіні ұстады. Тергеу барысында ұрылар бір түн ішінде бірден екі терминалды ашып, олардан 30 мың теңгеге жуық қаражат жымқырғанын анықтады. Мақтаарал АПБ -нің жедел уәкілдеріне күдіктілердің ізіне түсуге жедел жүргізілген іс-шаралар мен бейнебақылау камераларындағы жазбалар да көмектескен. Ұсталған жергілікті тұрғындар полиция бөліміне жеткізілді, олар өз кіналарын мойындады.
Тамыз айының соңында екі жігіт Мырзакент ауылы көшесімен түнде өтіп бара жатып, кафенің жанындағы төлем терминалын байқаған. Содан кейін ұрылар бекітіліп тұрған терминалды жұлып алып, оны көлікке салып, қашып кеткен. Одан соң терминалды егістік алаңға апар ып, оны қолда бар құралдардың көмегімен ашып, 6,5 мыңнан астам теңге алады. Бірнеше сағаттан кейін күдіктілер көрші ауылға келіп, дүкеннің жанында тұрған басқа терминалды ашып, кассетасын ақшасымен алып кетеді. Осылайша олар бұл жолы 21 мыңнан астам теңгеге заңсыз ие болып, ақшаны өз қажеттілігіне жаратып, құмар ойынға салып жібереді.
Күдіктілердің екеуін де Мақтаарал АПБ-нің полицейлері тұрғылықты мекен-жайы бойынша «ізін суытпай» сол тәулікте ұстады. Анықталғандай күдіктінің бірі бұрын сотты болған. Қазіргі уақытта аталған жайттар ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Олардың бірі қамауға алынды, екіншісі қолхатта.
Тергеу барысында ұсталғандардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз мүліктерін сақтау шараларын қабылдауды ұсынады. Мәселен, дүкендер мен сауда орындарының иелері ұрлықты болдырмау үшін бейнебақылау камераларын және Күзет дабылын орнату қажет. Сондай-ақ, терезелерге темір торлар мен кіретін есіктерге сенімді құлыптар қою ұсынылады. Егер сіз бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» телефоны арқылы хабарласыңыз.