Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тілік астындағы шындық: ІІО ардагерінің таңғажайып оқиғалары

Бір қарағанда қылмыстық іздестіру тек жігерлі де батыл ер азаматтар ғана қызмет атқаратын сала сияқты көрінеді. Алайда, зейнеттегі полиция полковнигі Гүлбахыт Бөпегалиева осы көзқарасты теріске шығарған жан. Ол қылмыскерлерді анықтау мен қылмыстарды ашу жолына өмірінің ең жалынды жылдарын арнап, бұл қызметке бастысы – кәсібилік, рухани табандылық пен өз ісіне деген адалдық екенін дәлелдеп шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Гүлбахыт ішкі істер органдарында 32 жыл қызмет етіп, оның 27 жылын криминалдық полицияға арнаған. Атыс, қылмыскерді қуу, құрықтау – мұның бәрі оның жастық шағындағы қызмет күндерінің айнымас көрінісі болатын. Ауа райы мен уақытқа қарамай, ол әркез жедел-іздестіру шараларына сақадай сай дайын тұратын. Қандай қиындық туындаса да, өзінің қабылдаған шешіміне еш өкінген емес — дәл осы салада ол өмірлік миссиясын тапты.

- Криминалдық полиция – ішкі істер органдарының жетекші қызметі саналады. Бұл жұмыс – терең құқықтық білімін, кәсіби дағдыларды үнемі жетілдіруді және түрлі жағдайға бейімделетін психологиялық дайындықты талап ететін күрделі сала. Сондықтан жедел уәкілге ең бірінші кезекте батылдық, шапшаңдық, шұғыл шешім шығара алатын біліктілік пен пен төзімділік қажет, – дейді ол.

Гүлбахыт Бөпегалиева Қостанай облысының Бөрлі ауылында дүниеге келген. 8-сыныптан кейін Алматыдағы республикалық физика-математика мектебіне, кейін Томск мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға түскен. Туыстары оның болашағы ғылыммен байланысады деп ойлаған. Ол елдегі тәжірибелі жедел қызметкерлердің біріне айналды. 1993 жылы Алматы қалалық ІІББ Криминалдық ақпарат орталығында ЭЕМ технигі ретінде бастаған Гүлбахыт көп ұзамай ҚР ІІМ Қостанай заң институтына түсіп, 1996 жылы алғашқы офицерлік шенін алады. 2001 жылы ол көліктегі ішкі істердің Шығыс басқармасына ауысып, 2010-2015 жылдары Алматы-1 станциясындағы желілік ішкі істер басқармасында еңбек етті.

Зейнетке шыққанға дейін көліктегі полиция департаментінің криминалдық полиция бөлімінде аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл қызметін атқарды. Ширек ғасыр уақыт ішінде ол көптеген марапатқа ие болды: грамоталар, алғыс хаттар, "Полиция үздігі" атағы және "ІІО-дағы мінсіз қызметі үшін" I, II, III дәрежелі медальдар оның адал еңбегінің айқын дәлелі.

Гүлбахыт Бөпегалиеваның қызметінде есте қалар талай оқиға болған. Мысалы, бірде өз ажалынан қайтыс болды деп есептелген ер адамның денесін қарау кезінде Гүлбахыттың мұқияттығы кісі өлімін ашуға мүмкіндік берді: ол қарын тұсынан көзге әрең ілігетін кішкентай ғана тілік пен жіпті байқап қалған, тексере келе ол пышақ жарақаты болып шығады. Басқа бір жағдайда көз жұмды деп есептелген әйелдің тірі екенін байқап, оның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік тудырды. Бұл – оның кәсіби қырағылығының жарқын дәлелі.

Жалғыз ұлы ерте есейді – себебі анасы көбіне таңнан кешке дейін қызметте болды. Жұбайы Аманжол Бөпегалиев те ішкі істер органдарында еңбек еткендіктен, олардың отбасылық өмірі мен қызмет біте қайнасты. Тіпті, бір-бірін көзқарастан-ақ түсінісетін.

2024 жылы зейнетке шыққан Гүлбахыт бүгінде ІІО ардагері. Қаншама жылдық еңбек пен толассыз жауапкершіліктен кейін ол енді отбасына, сүйікті ісіне және демалысқа көбірек уақыт арнай алады. Кейіпкеріміздің айтуынша, қызмет жылдарының естелігі жүрегінде мәңгі сақталады.

– Жедел уәкіл болу – бұл жай ғана күнделікті жұмыс емес, бұл мамандыққа деген ыстық ықылас, – дейді ол.

Тәжірибесі мол маман тәрбиелеген жас полицейлердің біразы бүгінде ішкі істер саласында басшылық қызмет атқарып жүр. Зейнетке шыққаннан кейін де ол жастарға бағыт-бағдар беріп, департаменттің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысуды жалғастыруда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру