Тіркелмеген атыс қаруын сатып алу акциясы барысында 150-ге жуық қару алынды
Түркістан облысының полицейлері тіркелмеген атыс қаруын сатып алу акциясы барысында 150-ге жуық қару алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елімізде коронавирус індетінің таралуына байланысты көптеген іс-шаралар онлайн форматта өткізіліп жатыр. Соның бірі – заңсыз айналымдағы қаруларды сатып алу акциясы. 1 шілдеде бастау алған шарада Түркістан облысының тәртіп сақшыларына тұрғындар тіркелмеген 146 қару тапсырған. Оның ішінде 128-і тегіс ұңғылы аңшы мылтығы болса, 18-і ойық ұңғылы қару. Мәселен Созақ ауданының тұрғыны Мақұлбек Серікұлы 12 калибрлі тегіс ұңғылы аңшы қаруын өз еркімен тапсырды. Ал, Жетісай ауданының тұрғыны Мағауя Ілімұлы тегіс ұңғылы екі аңшы қаруын өткізді. Қазіргі уақытта мылтықтар сараптамаға жіберілді, нәтижесінде азаматтарға ақшалай қаражат төлеу туралы шешім қабылданады.
Ескерте кететін жайт, қару-жарақ заттарын өз еркімен тапсырғаны үшін мемлекет қарудың әрқайсысы үшін тиісті төлемін жасайды. Оған қоса, қолындағы қару-жарақ заттарын тапсырғысы келген тұрғындар келмей-ақ, арнайы 8-778-991-66-66, 8-775-287-16-37 телефоны немесе «102″ нөміріне хабарласуына болады. Ал, сыйақы төлеу қару-жарақ заттарын тапсырған тұрғындарға ұсынылған шоттарға аудару жолымен жүзеге асырылатын болады. Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырғандар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Сондықтан, тұрғындар заңсыз сақтап жүрген ата, әкеңізден қалған, тауып алған тіркелмеген қаруларыңыз болса, тиісті органға тапсырыңыздар.