Транзитпен елорда арқылы өтіп бара жатқан Тәжікстан азаматы автобуста ұрлық жасаған
Транзитпен елорда арқылы өтіп бара жатқан Тәжікстан азаматы автобуста ұрлық жасаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында елордалық полиция департаментінің жедел-іздестіру басқармасының қызметкерлері қалта ұрлығына қатысы бар 39 жастағы шетелдікті анықтаған.
Ер адам Ресейден Тәжікстанға транзиттік жолмен бара жатқан. Ол Астанада болған кезінде қоғамдық көліктен IPhone 14 Pro Max телефонын ұрлап, 680 мың теңге көлемінде шығын келтірген.
Белгілі болғандай, таңертең қалалық 26-маршрутты автобусында болған кезде күдікті қоғамдық көлікте адамдардың көптігін пайдаланып, қасында қысылып тұрған адамдардың қалталарын тінтіп шыққан. Бақылап тұрып, қолында телефоны бар қызды байқап, қарт адамға жол беру үшін орнынан тұрған сыңай танытып қыз телефонды салған сәтте бірден жымқырып үлгерген. Қалта ұрысының барлық әрекеттері автобуста орнатылған камераға жазылып қалған.
Ұрлық жасағаннан кейін шетелдік сол күні Астанадан Алматыға аттанып, ұрланған телефонды сатып кеткен. Ұрлық қылмысына күдіктіні Астана қаласының полицейлері мен олардың Тәжікстандағы әріптестерінің бірлескен іс-қимылдарының арқасында ұстауға мүмкіндік болған.
Аталған фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, ұрлыққа қатысы бар шетелдік мойындау айғақтарын берді. Осыған ұқсас бұрын жасалған басқа да қылмыстарға қатысытылығы да тексеріліп жатыр.