Туған күн мен мемлекеттік мереке: Павлодар колониясындағы мұғалімнің өміріндегі қос қуаныш
Ерлік Құлышев – Павлодар облысындағы колония жанындағы колледжде 10 жылдан астам уақыт бойы оқытушы болып қызмет етіп келеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оның айтуынша, сотталғандармен жұмыс істеу оңай емес, алайда мұндай жауапты міндетте ең маңыздысы – адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнату.
– Мен сотталғандардың не үшін жаза өтеп жатқанын сұрамаймын. Себебі олар жазасын алды, ал мен олардың шын жүректен өкінетініне үміттенемін. Менің басты міндетім – білім беру. Сотталғандармен жұмыс істегенде ең маңыздысы – оларға адал болу. Біз оларға тек білім ғана емес, сонымен бірге болашаққа деген сенім, үміт сыйлаймыз. Бұл үміт бәрін түзетуге және жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді, – дейді Ерлік Талапұлы.
Ерекше мерекенің қарсаңында Ерлік Талапұлының туған күні де аталып өтеді. 25 қазан – оның өміріндегі қос бірдей маңызы бар күн: туған күні мен мемлекеттік мереке. Мерекеге орай, әріптестері мен сотталғандар оны шын жүректен құттықтап, жылы лебіздерін білдіреді.
– Ерлік Талапұлы – кішіпейіл, әрқашан күлімсіреп жүретін, кез келген жағдайға оптимистік көзқараспен қарайтын адам. Бүкіл ұжым оны туған күнімен құттықтайды, – дейді әріптестері.
Ерлік Талапұлы тек колледжде ғана емес, отбасында да үлкен құрметке ие. Ол төрт бала мен он бір немере тәрбиелеп отырған ардақты ұстаз.