Түлкібастық тұрғын тауар үшін 3,5 миллионға жуық ақша алып, алдап кетті
Түркістан облысының полицейлері 20 тонна қауынға тапсырыс қабылдап, шетелдік азаматты сан соқтырған тұрғынды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас АПБ-не Тәжікстан Республикасының азаматы арызданған. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, 2020 жылдың маусым-тамыз айларында қауын алу мақсатында Түлкібас ауданының тұрғынымен келіскен. Яғни, танысынан Ресейге жүк көлігімен 20 тонна қауын салып жіберуді сұраған. Содан келісілген ақшаны түлкібастық тұрғынға салып жібереді. Алайда күдікті тауар үшін 3,5 миллионға жуық ақшаны алған соң телефонын көтермей ұшты-күйлі жоғалған. Осыдан соң шетелдік азамат полицейлерден күдікті азаматты ұстап, заңды шара көрулерін сұраған.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіліміне тіркелген.
Полиция қызметкерлерінің табанды еңбектерінің арқасында күдікті азаматтың тұрғылықты мекен жайы анықталып, ұсталды. Тәртіп сақшылары оны Түлкібас АПБ-не жеткізді. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Өз кінәсін толық мойындады.
Тергеу барысында анықталғандай ер азамат ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Бас шарасы келу туралы міндеттемеде. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде полицейлер тұрғындарды барынша сақ болуға шақырады. Таныс емес адамдарға сенбеу керектігін және көп мөлшерде ақша бермеуді ескертеді. Қандай да бір құқық бұзушылықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз тез арада «102» нөмірі арқылы тәртіп сақшыларына хабар беріңіз.