«Түнгі қаладағы балалар» : Жамбыл облысында 80-ге жуық әкімшілік хаттама толтырылды
Жамбыл облысында «Түнгі қаладағы балалар» іс-шарасының бірінші күні 80-ге жуық әкімшілік хаттама толтырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17 маусымнан бастап облыс аумағында «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу іс-шарасы басталды, оған 14 мобильді топтың мүшелері жұмылдырылды.
Жедел алдын алу іс-шарасының мақсаты кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды анықтау және алдын алу, құқыққа қайшы әрекет ететін жасөспірімдер топтарын, спирттік ішімдіктерді, психотроптық және есірткі заттарын пайдаланатын кәмелетке толмағандарды, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдерін сататын ересек адамдарды анықтау болып табылады.
Мобильді топтар ойын-сауық мекемелерінде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болған кәмелетке толмағандарды анықтайды және ойын-сауық орындарының әкімшілері мен ата-аналарға қатысты әкімшілік жазалау шараларын қолданады.
– Рейдтік іс-шаралардың алғашқы күні 78 әкімшілік хаттама жасалды, оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігі (Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс болуы) бойынша 63 дерек, ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 1-бөлігі (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуы) бойынша бес хаттама толтырылды. Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 492-бабының 1-бөлігі (Қазақстан Республикасының аумағында тіркеусіз немесе жеке куәліксіз болу) бойынша бес дерек және ҚР ӘҚБтК-нің 204-бабы 1-бөлігі (Белгіленбеген жерде сауда жасау) бойынша бес дерек анықталды, – деді облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының аға инспекторы Қуанышбек Қалжанов.