Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері масаң күйде көлік айдап әкеткен адамды ұстады

СҚО полицейлері масаң күйде көлік айдап әкеткен адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Смирнов аудан орталығын патрульдеу кезінде Аққайың ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері 34 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы Volkswagen Passat автокөлігін байқады. Полицейлерді байқаған жүргізуші көлік шамдарын сөндіріп, үй ауларының бірінде жасырынуға тырысты. Медициналық куәландыру оның масаң күйде болғанын көрсетті. Бұдан бөлек оның автокөлік иесі және басқаруға құқықтары болмағаны анықталды.

Тексеру барысында Volkswagen автокөлігін бұзушының үйінде танысы қалдырғаны белгілі болды. Көлік иесі спирттік ішімдік ішкен соң, рөлге отырудан бас тартқан және көлікті досына тапсырған. Масаң күйдегі досы көлікпен “серуендемекші” болады.

Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша енгізілді.

– ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы бойынша бұндай жағдай ауданда жыл басынан алғаш рет тіркеліп отыр: әдетте қаскөйлер бөтен көлікті ащы судың буымен пайдаланады. Бұдан бөлек масаң күйде көлік басқарғаны үшін әкімшілік сотпен бұзушы 15 тәулікке қамалды және жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Масаң күйдегі жүргізушілер өздеріне және айналасындағы адамдарға қауіпті. Ауданда профилактикалық жұмыс жүргізіледі: жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігі туралы ақпарат аудандық газетте және әлеуметтік желілерде орналастырылады, профилактикалық кітапшалар базарларда, теміржол вокзалдарында басқа да қоғамдық орындарда таратылады. Тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар жүргізіледі, жалпы жыл басынан ауданда көлікті масаң күйде басқарғаны үшін 22 адам ұсталды, – деді аудандық полиция бөлімінің бастығы Руслан Сапаров.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру