Жолаушылар тасымалы бақылауда: СҚО-да екі күнде жүздеген құқық бұзушылықтың жолы кесілді
СҚО-да полицейлер екі күнде жолаушылар тасымалы саласында 540-тан астам құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
28 шілдеден бастап Солтүстік Қазақстан облысында жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыруға және заңнама талаптарының бұзылуын анықтауға бағытталған "Тасымалдаушы" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алтынбек Жамалиевтің айтуынша, екі күн ішінде Жол қозғалысы қағидаларын бұзудың 547 дерегі анықталды. Олардың ішінде қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқару – 161, көлік тізгінінде телефон пайдалану – 121 және техникалық ақауы бар көлік құралдарын пайдалану – 99 дерек тіркелген.
Сонымен қатар мас күйінде көлік басқарудың 8 фактісі, көлік құралын басқару құқығынсыз жүргізудің 21 дерегі және жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 13 фактісі анықталды. Сегіз автокөлік мамандандырылған айып тұрағына қойылды. Іс-шара басталғалы бері облыс аумағында зардап шеккендер бар жол-көлік оқиғалары тіркелген жоқ.
2026 жылдың алты айында Солтүстік Қазақстан облысында 236 жол-көлік оқиғасы тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5% аз.
"Тасымалдаушы" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясындағы профилактикалық жұмыс жалғасуда. Полицейлер жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударады.
