Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Түнгі қаладағы балалар» ЖПІШ: Шымкентте 23 жасөспірім полицияның есебіне алынды

Шымкентте «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы бойынша 23 жасөспірім полицияның есебіне алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен осы жылдың «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1-5 сәуір аралығында қала аумағында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Түнгі уақытта ойын-сауық орындарында және көңіл көтеретін мекемелерде болатын жасөспірімдерді анықтау үшін түнгі клубтарда, кафелерде, тойхана және сауда орталықтарында рейд жұмыстары жүргізілді. Іс-шара барысында 388 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша бес ата-анаға, ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабымен (Кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол беру) – 16 мекеме иесіне, ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабына (Ұсақ бұзақылы) сәйкес бес азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.

Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы (Кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық) бойынша кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылықтың екі дерегі, ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 1-бөлігі (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 19 жасөспірім және аталған баптың 2-бөлігімен түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде болған 307 жасөспірім анықталған.

Бұдан өзге, ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабымен (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) екі жасөспірім қоғамдық орында мас халде болғаны үшін жауапқа тартылды.

Құқық бұзушылыққа бейім 23 жасөспірім және балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттеріне немқұрайлы қараған 22 отбасы ішкі істер органының есебіне алынды. Ішкі істер органының есебінде тұрған жасөспірімдер және отбасылар тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру