«Түнгі қаладағы балалар» ЖПІШ: Түркістан облысында 700-ден астам құқық бұзушылық анықталды
Түркістан облысында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 700-ден астам құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полиция қызметкерлері «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарды. Аталған шара кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу және жолын кесу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ балалардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болу фактілерін анықтау мақсатында өткізілді.
Үш күндік шара барысында тәртіп сақшылары 707 құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде ата-аналардың бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамауға қатысты 30-дан астам дерек тіркелді. Ұсақ бұзақылық бойынша 41 факті тоқтатылып, жасөспірімдерді түнгі уақытта ойын-сауық орындарында ұстауға рұқсат берудің 34 фактісі анықталды.
Сондай-ақ түнгі уақытта заңды өкілдерінің алып жүруінсіз үйлерінен тыс жерде жүрген 512 кәмелетке толмаған және түнгі сағат 22.00-ден кейін ойын-сауық мекемелерінде болған 76 жасөспірім анықталды. Нәтижесінде полицейлер құқық бұзушылыққа бейім 51 жасөспірім мен тұрмысы нашар 48 отбасыны есепке қойды. Олармен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Полицейлер атап өткендей, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша осындай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.