Түнгі уақытта үйден тыс жерде болған 850 ақмолалық жасөспірім анықталды
Түнгі уақытта үйден тыс жерде болған 850 ақмолалық жасөспірім анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кәмелетке толмағандар тарапынан және жасөспірімдердің өздеріне қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және ескерту, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үйден тыс жерде болу, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға алкогольдік ішімдіктер мен темекі бұйымдарын сату фактілерінің жолын кесу мақсатында Ақмола полицейлері рейдтік іс-шаралар өткізуде.
Жоспарланған іс-шараларды іске асыру барысында ювеналды полиция инспекторлары аулаларда, саябақтарда және жастар шоғырланған жерлерде, ойын-сауық орындарында, компьютерлік клубтарда және басқа жерлерде тексерулер жүргізеді.
Мәселен, жылдың басынан бері Ақмола облысының 850 жасөспірімі заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 23.00-ден 06.00-ге дейін тұрғын үйден тыс жерде болды, 141 ата-ана кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.