Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар өңірінде түн ішінде қараусыз қыдыратын жасөспірімдер көбейген

Павлодар облысында жыл басынан бері қарамағындағы баласын қараусыз қалдырған 741 заңды өкіл әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың кәмелетке толмаған балалары түн ішінде ойын-сауық орындарында қыдырып, үйден тыс жерде жүрген, – деп хабарлайды  Polisia.kz.

ҚР заңнамасына сәйкес кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз сағат 22.00-ден кейін көңіл көтеру орындарында, ал сағат 23.00-ден кейін үйден тыс жерлерде болуына тыйым салынады.


Бала түнгі уақытта кез келген ересек адаммен емес, ата-аналармен, оларды ауыстыратын адамдармен ғана еріп жүруі мүмкін екенін атап өткен жөн. Мысалы, егер кәмелетке толмаған адам өзінің кәмелетке толған достарымен немесе қандай да бір жақын туыстарымен, тіпті аға-інісімен немесе апа-қарындасымен бірге жүрсе, онда бұл әлі де заңды бұзу болып саналады.


2020 жылдың басынан бері полиция қызметкерлері 741 заңды өкіл кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғын үйден тыс жерлерде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ, ойын-сауық орындарының 28 иесі жауапкершілікке тартылды.


Рейдтік іс-шаралар барысында Павлодар қаласы ПБ Оңтүстік полиция бөлімінің ювеналдық полиция тобының қызметкерлері Павлов көшесі бойында түнгі сағат 02.57-де 2003 және 2004 жылы туған екі кәмелетке толмағанның заңды ата-анасынсыз жүру фактісін анықтады. Кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы (кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Полиция қызметкерлері тұрғындарға балаңыздың үйден тыс жерде тұрып қалуы күтпеген бір қиындыққа әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Балаларыңызды бақылаңыздар. Егер сіз балаңыздың жүрген жерін білмесеңіз және ол телефон қоңырауларына жауап бермесе уақытты жоғалтпай дереу полицияға хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру