Тұрған көлікті соғып, оқиға орнынан кетіп қалған атыраулық анықталды
Тұрған көлікті соғып, оқиға орнынан кетіп қалған 26 жастағы атыраулық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 мамыр күні сағат 04:15 шамасында қала тұрғынынан Махамбет көшесінде орналасқан үйлердің бірінің ауласында тұрған Nissan Primera автокөлігін маркасы белгісіз көлік құралы соғып кеткендігі жөнінде хабарлама келіп түсті. Хабарламаны тексеру барысында Атырау қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері оқиға орынынан кетіп қалған маркасы Lada 21144 көлік құралын басқарған 1995 ж.т. ер адамды анықтап, ұстады.
Аталған ер адамға жол көлік окиғасын жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлімімен (Көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылысжайлардың немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтiрген көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзуы) және 611-бабының 2-бөлімімен (Жүргізушінің жол жүрісі қағидаларын бұзып, өзi қатысушы болып табылған жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалуы) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, жинақталған құжаттар шешім қабылдау үшін мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданды.
Айта кетейік, қала аумағында жыл басынан бері жол-көлік оқиғасын жасап, полицияға хабарламай, оқиға орнынан кетіп қалудың 187 фактісі тіркелген.