Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тұрғын үйге ұры түсті

Түркістан облысының полицейлері тұрғын үйге ұрлыққа түскен екі күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.


Шардара аудындық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, бірнеше ай бойы жұмыс бабымен отбасымен үйде болмаған. Наурыз айында үйлеріне қайта келгенде бір терезесі ашық тұрған, үйге түскен ұры алтын бұйымдары мен бағалы киімдерін ұрлап кеткен. Осылайша, жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 400 000 теңгені құрады. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (ұрлық) бойынша тіркелді.
Оқиға орнына жеткен Шардара аудандық полиция бөлімшесінің криминалды полиция мен
учаскелік полиция инспекторлары жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді.
Куәгерлерден сұрастырып, жақын аймақтарды аралап шықты. Қылмысты ашып, күдіктілерді құрықтауда полицейлер қажетті деп танылған барлық іс-шараларды іске асырды. Нәтижесінде осы қылмысқа күдікті ретінде екі азаматты ұстады.
Оның бірі жергілікті тұрғын болса, екіншісі көршілес ауылдың тұрғыны болып шықты.
Ұсталған екі азамат өз кінәларын толық мойындады. Айғақты зат ретінде ұрланған заттар алынып, заңды иесіне қайтарылды. Тергеу барысында екі күдіктінің тағы бір пәтер ұрлығына қатыстылығы анықталды. Екінші арызданушы әйелдің айтуынша, белгісіз азаматтар құлыптаулы есігін бұзу арқылы кіріп, үй-ішін ақтарып, ұялы телефоны мен 5000 теңге ақшасын ұрлап
кеткен.
Аталған дерек Шардара аудандық полиция бөлімшесіне «Ұрлық» бабымен тіркелді. Айғақты зат
тәркіленіп алынып, иесіне қайтарылды. Күдіктілер қамауда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталған азаматтардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріледі.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға кеңес береді: үйлеріңізге ұры түспес үшін аулаңызды жарықтандырып, мүмкіндігінше дабылқаққыш пен бейнебақылау камераларын орнатыңыздар. Есіктеріңізге мықты құлыптар жасатып, терезеңізге темір тор қойдырыңыздар. Бұл өз кезегінде сіздің қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру