Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тұрғындар полицейлерге алғыстарын білдірді

Отан қорғаушы күні қарсаңында облыс тұрғындары мен қонақтары Солтүстік Қазақстан облысының полицейлеріне алғыс білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО Полиция департаменті басшысы Марат Төлебаевтың атына Петропавл қаласының тұрғыны Александр Селивановтан алғыс хат келіп түсті.

Саяжайларға шығуға тыйым салынған кезеңде қыстан шыққан омартасын қарағысы келген саяжайшы-омарташы «Путеец-4» қоғамындағы учаскесіне баруға рұқсат алу мақсатында полицейлерге жүгінеді. Петропавл қ. ПБ екінші полиция бөлімінің басшысы Руслан Сыздықов өтінішті қарастырып, саяжайшыны жеке көлігімен жеткізіп салған.

«Карантиндік шаралардың қатаңдығына қарамастан, СҚО Полиция департаменті басшылығымен әу бастан күрделі жағдайларды жеке қарастыру нұсқауы берілген болатын, – деп атап өтті ол. Біз себепті негізді деп танып, барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отыра, Александр Владимировичтің кедергісіз өтуін қамтамасыз еттік».

Тәртіп сақшыларының көмегіне саяжайшы екінші рет су тасқыны кезінде жүгінген.

«Су тасқыны басталғанда, саяжай учаскелерін су басты, мен тағы да Р.Б. Сыздықовқа өтінішпен жүгіндім, су басқан ауданға барып келу үшін маған қызметтік автокөлік бөлді. Екінші полиция бөлімінің басшысына және қызметкерлеріне мәселеме бей-жай қарамай, адами тұрғыдан түсінгендері үшін оларға шексіз алғыс білдіремін», – деп жазыпты хатында әуесқой омарташы.

5 мамыр күні Алматы қ. тұрғыны Қазбек Хамидов тағы бір алғысты бейнеге жазып жолдаған. Ол өзінің серігі Серік Ережеповпен бірге транзиттік жүк көлігімен оңтүстік астанадан Петропавл арқылы Қостанайға жүріп бара жатқан екен. Таңсәріде қаладан 40 шақырым өткен жерде Жезқазған-Петропавл тас жолы бойында подшипнигі істен шыққан. Әдеттегідей, полицейлерге хабарды жолшыбай өткен жүргізушілердің бірі жеткізген.

Кезекшілікке түскен полицей Жанат Кенжеболатов пен  Нұрсұлтан Жаңбыршин оқиға орнына келіп, жүргізушілердің бірін қосалқы бөлшек сатып алу үшін қалаға жеткізген және жөндеуге көмектескен.

«Полицейлерге зор алғыс айтамыз, олар болмағанда, ұзақ аялдап қалатын едік», – дейді Қазбек.

Ал Серік екі жыл бұрын Балқашқа бара жатқанда болған оқиғамен бөлісті, көлігінің помпасы сынып қалып, ол жолы оған Қызылорда облысының тәртіп сақшылары көмек көрсеткен екен.

«Біз серіктесім екеуіміз республика бойынша жолға жиі шығамыз, – дейді ол. Жолда полиция болса жақсы, сақшылар басыңа іс түскенде сені жалғыз тастамайды».

Екі алғыс та СҚО ПД-ге Отан қорғаушы күні қарсаңында келіп түсті, өмірлерін адамдардың өмірі мен қауіпсіздігін сақтауға арнаған жандарға бұл жақсы сый болды.

СҚО ПД баспасөз қызметі

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру