Тұрғынның ақшасы мен ұялы телефонын иемденген алаяқ анықталды
Түркістан облысының тәртіп сақшылары алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда жәбірленуші көрсеткендей бейтаныс азамат ұялы телефонын қайтарып беремін деп сеніміне кіріп, 30 мың теңгесін алдап алған.
Жәбірленуші мас күйде Шымкент қаласынан үйіне қайту үшін бейтаныс азаматтың көлігіне отырған. Содан соң үйіне мас халде келіп ұйықтап қалған. Таңертең тұрып, ұялы телефоны мінген көлігінде қалып қойғанын есіне түсіреді. Осы орайда өзінің нөмірін теріп, хабарласу арқылы үйіне жеткізіп салған көлік жүргізушісімен сөйлеседі. Ол азамат жәбірленушіні 30 мың теңге ақша берсең телефоныңды қайтарып беремін деп алдайды.
Жәбірленуші алаяқтың банк қосымшалары арқылы ақшаны салып, телефонын алып келіп беруді күтеді. Алайда алаяқ не ақшасын, не ұялы телефонын қайтарып бермейді. Содан соң жәбірленуші полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінеді.
Тәртіп сақшылары жедел іздестіру шаралары барысында күдіктінің тұрғылықты мекен-жайын анықтап, сол жерден қолға түсіреді. Анықталғандай күдікті Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Сонымен қатар бұдан алдында алаяқтық бабы бойынша сотты болған.
Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеліп, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Қазіргі таңда күдікті өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісі үшін өкінетінін білдіріп отыр.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға әр түрлі алаяқтардың айла-амалдарына түспеу үшін қырағы болуды ұсынады. Таныс емес адамдарға мүліктеріңізді, жеке мәліметтеріңізді, банк шоттарының кодтарын және басқа да ақпаратты бермеңіз. Сақ болыңыз және күмәнді қызметтерді ұсынатын адамдардан оңай пайда табуға үміттенбеңіз. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» телефоны арқылы хабарласыңыз.