Туристік полиция Алматының саябақтарында кезекшілік етеді
Саябақтардың, алаңдардың, аллеялардың және азаматтардың жаппай көп жүретін орындарының ашылуына байланысты бұл аймақтарда полицейлердің патрульдеуі қамтамасыз етілген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Бұл жұмысқа бір жыл бұрын құрылған ішкі істер органдарын реформалау, сондай-ақ Жол картасы мен туристік индустрияны дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында құрылған туристік полицияның өкілдері тартылды. Еске салайық, бөлімшенің мақсаты – Қазақстан Республикасының халықаралық беделін және туристік тартымдылығын арттыру. Бұрын туристік полиция қызметкерлері қаланың басты назар аударарлық орындарында болатын, бірақ бүгінде олардың ресурстары қоғамдық орындарда тәртіпті сақтау және азаматтарға көмек көрсету үшін пайдаланылады», – деп хабарлады Алматы қалалық полиция Департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков.
Бүгінгі таңда туристік полицияның құрамы 24 адамды құрайды. Бұл арнайы полиция қызметкерлері, олар кәсіби шеберліктерден және қызметтік дағдылардан басқа бірнеше шет тілдерін, атап айтқанда, ағылшын, француз, қытай және тағы да басқа тілдерді біледі.