Түркістан облысында 10 адамды сан соқтырған шымкенттік әйел ұсталды
Түркістан облысында 10 адамды сан соқтырған шымкенттік әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын алаяқтықтың құрбаны болғаны туралы шағым түсірді. Ауыл тұрғынының айтуынша, оның үйіне бейтаныс адам келіп, әлеуметтік көмек алып бере алатынын айтып, ұсыныс білдірген. Осылайша алаяқ әйелдің мемлекеттен миллион теңге әлеуметтік көмек алып беремін деген сөзіне сенген тұрғын оған 350 мың теңге ақша берген. Алайда айтылған уәде орындалмаған.
Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеп, күдіктіні іздеуге кірісті.
Полицейлер жедел-іздестіру іс-шарасының нәтижесінде, күдіктінің жеке басын анықтап, ұстады. Ол Шымкент қаласының тұрғыны, бұрын сотты болған әйел болып шықты.
Күдікті әйелдің бұдан басқа осындай тоғыз алаяқтық жайтына қатысы бары расталды. Жалпы, тұрғындарға келтірілген шығын үш млн теңгеге жуық.
Бүгінгі таңда ұсталған әйелдің басқа да осыған ұқсас алаяқтық деректеріне қатыстылығы анықталуда. Олардың саны көп болуы да мүмкін. Осыған орай сотқа дейінгі тергеу амалдары тыңғылықты жүргізілуде. Күдікті қамауда.