Түркістан облысында 130-дан астам жасөспірім түнгі уақытта үйінен тыс жерде жүрген
Түркістан облысында 130-дан астам жасөспірім түнгі уақытта үйінен тыс жерде жүрген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Ішкі істер министрлігінің нұсқауы бойынша 20-30 қараша аралығында республика аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Аталған шараға полициямен қатар «Жастар Рухы» жастар қанаты, «Аманат» партиясының өкілдері, еріктілер, полицияның қоғамдық көмекшілері мен басқа да мүдделі мекеме өкілдері жұмылдырылды.
Іс-шара барысында Түркістан облысы полицейлер 2500-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта үйден тыс жерде жүрген 138 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 5 мекеменің иесіне кәмелетке толмағандардың сағат 22.00-ден кейін ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Мәселен, Түркістан қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция тобының инспекторлары облыс орталығындағы мекеменің бірінде түнгі сағат 22.00-ден кейін жүрген 3 кәмелетке толмағанды анықтады. Мекеме иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері түнгі уақытта үйден тыс жерде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болған 8 жасөспірімді анықтады.