Түркістан облысында 40-қа жуық граффити-жазулар өшірілді
Түркістан облысында 40-қа жуық граффити-жазулар өшірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастамасымен, Түркістан ҚПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторлары Жастар орталығы жанындағы еріктілерді қатыстыра отырып, маңызды шара ұйымдастырды. Іс-шара барысында Түркістан қаласындағы орталық көшелер мен ғимараттардың қабырғаларынан есірткі сатуға қатысты сайттарды жарнамалайтын граффити-жазуларды алып тастау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 40-қа жуық жазба өшірілген.
Сондай-ақ мониторинг барысында, ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Telegram» қосымшасында осыған ұқсас жұмыс жасаған интернет-сайттарды анықтап, жоюға қатысты іс-шаралар кешенін жүргізді. Ескерте кететін жайт, егер осындай заңсыздықтар анықталған жағдайда, аталмыш сайттар жойылып, сайттар мен жазуларды жасауға қатысы бар тұлғалар ұсталып, жауапкершілікке тартылатын болады.
Сондықтан Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ескертеді: синтетикалық есірткілердің жарнамасын жасау, жазбалар қалдыру, ғаламтор арқылы жұмыс жасау үшін ҚР ҚК-нің 299-1-бабының негізінде жауапкершілік қаралған. Өзіңіздің болашағыңыз, деніңіздің саулығы үшін зиянды әрекеттерге жоламай, салауатты өмір салтын ұстаныңыздар.
Осы бағыттағы жұмыстар полицейлер тарапынан әлі де жалғасуда. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, облыс орталығының учаскелік полиция инспекторларына кез келген заңсыздық анықталған жағдайда, қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы түсіндірме жұмыстарын атқарып, қарқынды қызмет етуді тапсырды.